Түркістан шырайы

Send us a Message or Call Us

Түркістан шырайы

Түркістан облысы – еліміздің оңтүстігінде орналасқан киелі өңір. Осыдан 3 жыл бұрын ғана Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері қала гүлденіп, ерекше қарқын алған. Ал бұған дейін орталық саналған Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалардың қатарына кірді. Ендігі біздің тақырыбымыз осы Шымкент пен Түркістандағы тарихи, киелі нысандарға арналмақ.

«Оңтүстік» десе, бірден еске түсетін, қасиетті жерлерімен өте танымал өлке – Шымкент қаласы. Шырайлы, шуақты, қонақжай Шымкент… Арыс пен Бадам өзендерінің бойында орналасып, əйгілі Испиджаб (Сайрам) қақпаларының бірі Неджикет қақпасы аталып, кейіннен Шымкент қақпасы деген атауға ие болған шаһардың тарихы тым тереңде. Сол себепті де мұнда киелі жерлер, əулиелер ізі көп кездеседі. Тіпті Ұлы Жібек жолының оңтүстік жəне солтүстік тармағы осы еліміздің оңтүстік өңірінде түйіскені де бізге көне тарихтан мəлім. Қаланың оңтүстігінен кіре берісте шаһардан 40 км-дей жерден тауды көруге болады. Оның төбесінде үлкен кеме түріндегі ескерткіш бар. Бұл – қасиетті Қазығұрт тауы, ал ескерткіш «Кеме қалған» деп аталады.

…Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол əулие болмаса неге қалған?! –

деген жыр жолдары да ертегідей əлемге тарта түседі. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ескі аңыздарда оны «Нұх кемесі» деп те атайтын көрінеді. Өңірде аралаймын, тынығып, серуен құрамын деген адамға саябақ та жеткілікті. Солардың бірі – Шымкент қаласының солтүстік бөлігінде орналасқан «Қазына» этно-тарихи кешені. Мұнда кезінде атақты батыр, қолбасшы, дана билеуші болған Бəйдібек бидің монументі алыстан «мен мұндалап» көрініп тұрады. Одан өзге «Сайрам» тұрғын алабындағы жасыл желекті Наурыз саябағы да кіреберістегі мәрмәр тастармен, әдемі аркалармен ерекше сәулет үлгісін әспеттейді.

 

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, XIV ғасыр

Оңтүстік-Қазақстан облысы: Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, XIV ғасыр Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи ғимараты – орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Ол XII ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі көне түркі ақыны, софизмді уағыздаушы Ахмет Яссауидің (Яссы-дан шыққан деген мағынада) бейітінің басына орнатылған. Оңтүстік Қазақстанда Сайрам деген жерде туған Ахмет Яссауи сол кездегі ғылым мен ағартудың орталығы ретінде белгілі болған Отырар қаласында білім алады да, кейіннен Бұхардағы Юсуп Хамадани басқарған сопылар қауымына кіріп, дәруіштік мектептен өтеді. 1140 жылы Юсуп Хамадани, ке»іннен оның екі мүриті дүние салған соң қауымды Ахмет Яссауи басқарады. Бірақ көп ұзамай-ақ «мәртебелі» қызметін тастап, өзінің туған өлкесіне біржола қайтып оралады. Софизм иддеяларын уағыздап, өзі де оны берік ұстана отырып, жоқшылықта өмір сүреді. Сондықтан да, оны жергілікті халық Әзірет Сұлтан деп атап кетеді. Ахмет Яссауидің уағыздаушы және ақын ретінде атағы кең жайылып, оның «Диуани Хикмат» («Даналық жайындағы кітап») атты діни өлеңдер жинағы көне түркі тілінде жазылғандықтан, жергілікті халыққа түсініктілігі арқасында талай мәрте қайта көшіріліп, бірнеше рет басылған… Бұл сияқты уағыздық өлеңдерінің философиялық және діни-мисттикалық мазмұны, ондағы жақсылыққа, әділеттілікке шақырған үнмен ұласады, халықтың қайырымдылық сезімін ояту, оны басқа діндегілермен жауласудан сақтандырумен қатар дін иелерінің ашкөздігін, зұлымдығын әшкерелеумен жалғасып жатады. Ахмет Яссауидің өлеңдері құнды әдеби ескерткіш, кейіннен қазақ халқыныі құрамына енген қыпшақ, оғыз, қарлық сияқты көне түркі тайпалары зерттеудің көзі болып табылады. Халық аңыздарында Түркістандағы әулиенің аруағын атақты қолбасшы, бүкіл Шығысты тітіренткен Ақсақ Темірдің айрықша сыйлап өткені айтылады. Оның әмірімен Ахмет Яссауи қайтыс болғаннан екі жүз жыл кейін қирап бітуге таянған кішкене ғана мазардың орнына, дүние жүзілік сәулет өнерінің белгілі ескерткіші орнатылды.

АРЫСТАНБАБ КЕСЕНЕСІ

Арыстанбаб кесенесі – көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші. Бұл кесене XI ғасырда өмір сүрген діни көріпкел Арыстан баб мазарының үстіне салынған. Кесененің бірінші құрылысы XIV-XV ғасырға жатады. Сол құрылыстан кесілген айван тізбектері қалған. XVIII ғасырда көне мазардың орнында жер сілкінісінен кейін екі кесілген ағаш тізбекке тірелген айванмен салынған екі күмбезді құрылыс орнатылған. XVIII ғасырда құрылыс қиратылып, фриз жазбалары бойынша 1909 жылы қайта салынған. 1971 жылы жоғары деңгейдегі грунт сулары салдарынан мешіт құлатылып, қайта орнатылды. Құрылыс алебастр ерітіндісінде күйдірілген кірпіштен қабырғаның сырт жағына салынған. Содан бері алғашқы салынған ою өрнектер сақталынған. Қазіргі кезде Арыстан баб мазары үстінде 30х13 метр аумағы бар кесене тұр. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кешеннің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қазір де оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік . Тарихи деректер бойынша XII-XVIII ғасырларда кесене бірнеше рет қайта салынып, қайта жаңартылған. Қазіргі кезде бұл кесене Орталық Азиядағы қажылық міндетті өтейтін мұсылман киелі жерлерінің бірі болып саналады.

Түркістанға барар жолда Қазығұрт ауданындағы Шымкент-Ташкент күре жолының бойындағы «Бабалар рухына тағзым» кешені мен «Мəңгілік ел» саябағын көруге болады. Тарихи кешенді аралай жүріп, кешегі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» дəуірінде «Елім-айлап» көшкен жұрттан бастап, бүгінгі бейбіт күнге жалғасқан тарихқа куə бола аламыз. Мұнда сонымен қатар əр түрлі өңірдің жомарт азаматтары сыйлаған ескерткіштер де бар. Мəселен, Атырау, Маңғыстауға аты жайылған азамат Төкен Жұмағұловтың бастамасымен орнатылған əйгілі үш биге арналған «Ұлы дала даналары» ескерткіші тұр. Енді одан ары жүргенде Арыс өзенінің төменгі сағасындағы Отырар қалашығына соқпай кетуге болмайды. Қалпына келтіру жұмыстары тоқтамаған Отырар оазисі Тарбанд, Тұрарбанд, Тұрар, Фараб секілді ірі қалашық-кешендерден тұрады. Тарихшылар оның гүлденген уақыты – біздің дəуіріміздің ХІІІ ғасырына дейінгі кезеңде де ғалымдар, ғұламалар, өнер мен қолөнер шеберлері, болжаушылар мен зергерлер көп болғанын айтады. Отырардан шығып, екі шақырымдай жүрсеңіз, Арыстан баб кесенесіне маңдай тірейсіз. Арыстан баб – Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы əрі рухани тəлімгері. Сол себептен де Ясауиге арнайылап келген əрбір жан ең алдымен өз жолын Арыстан баб кесенесіне тəу етуден бастайды, содан кейін ғана Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келеді. Көп ұзамай, Түркістан қаласына да жеттік. Əдебиеттен, тарихтан оқығандағы əсердей емес, қазіргі Түркістанның келбеті мен кескіні өзгеріп, жаңаша қарқын алған. Əдемі ою-өрнектермен безендірілген көп қабатты зəулім үйлер, көздің жауын алатын нысандар да көптеп кездеседі. Облыс орталығына айналған аз ғана уақыттан бері қаланың шырайы кіре бастаған.

Əрине, Түркістан десе руханияттың еске түсетіні, соның ішінде, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құндылығы ерекше байқалады. 1385-1405 жылдар аралығында салынған сəулет жауһарларының күні бүгінге дейін сақталуы кім-кімді болмасын елең еткізбей қоймайды. Бірнеше тарихи апаттарды бастан кешсе де, нысан қалпына келтіру жұмыстарынан өткен. ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген кесене Түркістан қаласының ғана емес, күллі түркі əлемінің рухани символы екені айтпаса да түсінікті жайт. Одан бөлек, киелі мекенді түлету мақсатында елдің əр өңірі бір-бір нысаннан тарту еткен. Мысалы, солардың арасында Атырау облысының тартуы ерекше көзге түседі. Түркістан жерінде сəулет өнерінің үздігіне айналарлық «Ұлы дала елі» рухани орталығында Қазақ хандығы құрылғаннан бастап, жаңа дəуір дамуына дейінгі əр түрлі тақырыпты ашатын 9 тарихи-заманауи залдар қамтылған екен. Қысқасы, жаңарған, жасарған Түркістанды аз ғана күннің ішінде аралап шығу мүмкін емес. Қала бұрынғыдай қалыпты кейпінен кетіп, керісінше аса маңызға ие мегаполис қалалардың дүрмегіне ілескен. Құдды ежелгі «Қазақ хандығының астанасы» деген мəртебені қайтадан жаңғыртып жатқандай сезіледі. Сондықтан оның дамуы да, өркендеуі де осымен шектелмесі анық.

Кие қонған, бабаның ізі қалған Оңтүстік өңірдегі аталмыш жерлер – бұл тек тарихтың бір парасы ғана. Одан өзге өңірде басқа да тарихи нысандар мен киелі жерлер жетерлік. Сол үшін оңтүстіктегі тарихи жерлерге қатысты жазбамыздың жалғасы болатынына сенімдіміз…