Түркістан қаласындағы Hazret Sultan Airport халықаралық әуежайының құрылысы жылдың соңына дейін аяқталуы керек. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің берген мәліметіне сенсек, жаңа әуежайдың жолаушы өткізу қабілеті сағатына – 450 адам, жылына – 3 млн адам. Жоспарланған әуе рейстері бірінші кезекте – Нұр-Сұлтан, Алматы, Стамбұл бағыты бойынша, кейінгі кезекте – Қарағанды, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Меккеге қатынайды. Бүгінгі күні әуежайдың құрылыс-монтаждау жұмыстарының 75 проценті аяқталған. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың мәліметінше, алдағы уақытта инвестор бұл нысанды әлемде қысқа мерзімде салынған әуежай ретінде Гиннесс рекордтар кітабына ұсынбақ екен. Жоспар бойынша, бүкіл түркі әлемінің рухани астанасына туристер 2021 жылдың қаңтар айынан бастап келе алады.
Туризм саласының мамандары жаңа бағыттарды дамытуда ұшақ қатынасының маңызды екенін алға тартады. Бір ғана мысал, биыл қазақстандықтар арасында Ақтау бағыты үлкен сұранысқа ие болды. Себебі отандық туристер жаңадан ашылған бесжұлдызды қонақүйді көріп, Каспий теңізінің жағасында демалғанды жөн санады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемияның ең кемі 2 жылға созылатынын жеткізеді. Яғни, келер жылғы демалыс маусымы да ішкі туризмге деген сұраныстың артуымен жалғасуы мүмкін. Сондықтан ішкі бағыттардағы рейстерді жандандыру, қалааралық тікелей рейстерді көбейту мен баға саясатын тұрақты жүргізу уақыт талабы болып тұр.